2019 жылғы 18 қыркүйекте ҚР ИКМ Орталық коммуникациялар қызметінің ашық алаңында алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы баспасөз конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев қатысты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Алдағы жылыту маусымына дайын болу үшін Министрлік 2019-2020 жылдарға арналған жұмыс жоспарын бекітті. Соған сәйкес облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктері биылғы жылдың 15 қазанына дейін барлық объектілерді, оның ішінде инженерлік желілерді, дербес қазандықтарды дайындауды толық аяқтауы, сондай-ақ халықты және коммуналдық-тұрмыстық ұйымдарды отын қорымен қамтамасыз етуі қажет.
Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 37,9 млрд теңге сомасына жылумен, сумен жабдықтау және су бұру бойынша 18 жобаның құрылысы салынып және қайта жаңартылып жатыр.
Инженерлік инфрақұрылымды жылыту маусымына дайындау үшін жоспарлы түрде алдын алу жөндеу жұмыстарымен қамтылды: 10 212 бірлік дербес қазандық (жоспардың 96,1%-ы); 4,8 мың км жылумен жабдықтау желілері (жоспардың 96,2%-ы); 14,5 мың км сумен жабдықтау желілері (жоспардың 95,9%-ы). Бірқатар өңірлерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр және жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. 2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша әлеуметтік объектілердің жылыту маусымына дайындығы мынадай: білім беру объектілерінің дайындығы 99,6%; денсаулық сақтау объектілерінің дайындығы 98,6%; тұрғын үйлердің дайындығы 94,9%.
ЖАО деректері бойынша 2019-2020 жылдары коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін және халыққа көмір өнімінің қажеттілігі 10,4 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі күні 4,9 млн тонна немесе 47% дайындалды. Бүгінгі күні қазақстандық операторлардың теңгерімінде 58 319 бірлік жартылай вагон бар, олардың ең көп үлесі «Қазтеміртранс» АҚ-на – 49,8% (29 050 бірлік), «ТрансКом» ЖШС-на – 12,3% (7 178 бірлік) тиесілі.
Биыл жылыту маусымына дайындық басталғаннан бастап (1 мамырдан 16 қыркүйекке дейін) теміржол көлігімен 23,5 млн тонна көмір тасымалданды, бұл жоспар көрсеткішінен 1%-ға артық.
2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 11,6 млрд теңгені құрайды. Жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 2,7 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,7 млрд теңге, Маңғыстау облысында – 1,5 млрд теңге, Шымкент қаласында -1,3 млрд теңге.