Екпе салдырмаған бала ауру жұқтыратын болса, мемлекет оны емдетуге ақша бөлмейді. Бұдан былай жауапкершілік ата-анаға жүктелуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі екпеден қашатындармен күресті осылай нығайтпақ, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
«Шетелде екпе салдырмаған балалар ауыратын болса, ата-анасы өз қалтасынан ақша шығарып емдетеді. Біз де осы тәжірибені қолданамыз. Өйткені мемлекет тегін медициналық көмектің кепілдендірілген шарасы аясында ауруға қарсы дәрі береді. Ал одан бас тартқан адамдарға қайта көмектесуге міндетті емес”, – деді денсаулық сақтау министрлігінің комитет төрайымы Людмила Бюрабекова.
Дәрігерлер екпеден қашатындарға жазаны осылай күшейтпек. Оған қоса иммундау шарасынан құр қалған балалар балабақша мен мектепке қабылданбауы мүмкін. Қазір денсаулық министрлігі осыған байланысты жаңа кодекс әзірлеп жатыр.
Балалардың құқығын бұзған ата-аналарға ірі көлемде айыппұл төлету жайы қарастырылған. Дегенмен дәрігерлер айыппұл көлемі қанша болатынын нақты айта алмады – құжат әлі дайын емес. Иммундаудың жаңа ережесі желтоқсан айында қолданысқа енгізілуі мүмкін.
«Ешқандай асқыну жоқ. Әрбір вакцинаға жергілікті реакция болады. Екі-үш күннің ішінде өтетін. Қызарып кетуі мүмкін. Дене қызуы көтеріледі. Бірақ, оны оң реакция деп айтуға болады. Мұндай реакция иммунитеттің қалыптасуы деп көрсетіледі”, – дейді денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин.