Соңғы он жылда елімізде атеистердің саны артқан. Мұндай статистиканы басқа емес, президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты келтіріп отыр, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Қазақстан халқының 19 пайызға жуығы атеист, яғни дінге сенбейтіндер. Стратегиялық зерттеулер институтының бұл ақпаратын оқи отырып ойға қалдық. Жалпы, кез келген әлеуметтік сауалнамада аз-кем ауытқудың болатынын ескере отырып, Құдайдың барына күмәнмен қарайтындардың кімдер екенін сарапшылардан білдік.
«Кейбіреулер бала кезінен алған ортасындағы тәрбиесіне байланысты атеистік ұстанымды алуы мүмкін. Себебі, ата-анасы атеист болса, балаларын да солай тәрбиелейді. Кейбір адамдар өздерінің табиғатында нақты көзбен көріп, қолмен ұстайтын нәтижеге бейім келеді. Жаратылыстану пәніне бейім келеді. Ондай адамдар табиғи түрде қашан діни көзқарасқа деген көзқарас дәлелденбесе, олар атеизмді таңдауы мүмкін», – деді дінтанушы, халықаралық сарапшы Айнұр Әбдірасылқызы.
«Қазақстан халқының төрттен бірге жуығы неге Құдайға сенбейді?» деген сауалды елімізде кеңінен тараған ислам және христиан дінін насихаттаушылардан сұрап көрдік. Астаналық шіркеудің өкілі Дмитрий Байдектің пікірінше, бұл күнде өмір ағынының өзі адамдарға бір сәт ойлануға мүмкіндік бермеуі – бір себеп екен.
«Күнделікті қарбаласқа толы өмір бізге бір сәт тоқтап қайдан келдік, қайда барамыз, өмірдің мәні қандай деген сияқты дүниелерді ойлауға мұрсат бермейді. «Бұл өмірден кеткен соң қайда барамын?» деген сұрақтар барлық дінде бар. Бірақ, мұны ой елегінен өткізуді бұл күнде адамдар екінші орынға қояды. Дегенмен, дінге сенетіндердің саны азайған емес», – дейді Успенский кафедралды соборының қызметкері Дмитрий Байдек.
Мұндай статистикаға біржақты қарауға болмайтынан мұсылмандар діни басқармасының өкілдері де растап отыр. Керісінше, жыл өткен сайын атеистік көзқарастан бас тартып, дінге бет бұрғандардың саны артып келеді екен.
«Нұр-Сұлтан қаласының өзін алсақ, қазір мешіттердің саны 10-нан асқанымен сол мешіттерде жұма, Айт намаздарында жамағатқа сыймай кетеді. Іште ине шаншыр орын қалмайды. Іште қанша адам болса, сыртта да сонша адам. Жылдан жылға мешітке сыймай, келушілердің саны көп. Бұл нені көрсетеді? Бұл Ислам дініне деген көзқарастың оң екенінің айқын дәлелі», – дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы.
Әлеуметтік сауалнамада өзін атеиспін деп есептейтіндердің кейбірі «жауап бергенде бір саусағын бүгіп қалуы да мүмкін», дейді мамандар. Оған қоғамда, әлемде болып жатқан кейбір келеңсіз жайттар себеп болып тұр.
«Соңғы кездері дін атын жамылған келеңсіз оқиғалар көбейе бастады. Экстремистік, радикалдық идеология бар дегендей. Бұл көзқарас дінге жат дегенімізбен дін атын жамылып отырғандықтан, адамдар көбіне солай қабылдайды. Сондықтан дінге сенемін десе, діншілмін десе қандай да бір қиындық туындап жүре ме деген сақтықтан адамдар саналы түрде өзін атеиспін деп көрсете салуы мүмкін», – дейді дінтанушы, халықаралық сарапшы Айнұр Әбдірасылқызы.
Мұндай сауалнамалар мен статистиканың жүргізілуінің астарынан анау айтарлықтай алаңдауды иә болмаса қауіп-қатерді іздеп қажет емес дегенді сарапшылар бір ауыздан растады. Аталған зерттеулер бірінші кезекте қоғамның көңіл-күйін, пікір-көзқарасын біліп отыру үшін жасалады екен.