Алматы облысында ақша жасаумен айналысқан азамат қолға түсті. Күдікті өзінің пәтерін жалған ақша шығаратын шеберханаға айналдырыпты. Ол тек 5 және 10 мың теңгеліктерді әзірлеп, облыс аумағындағы сауда орындарына өткізіп отырған. Ал Алматы қаласында тек алты айдың ішінде ғана 4 миллион 700 мың теңге көлемінде жалған ақша тәркілеген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Ақша жасауды кәсіп еткен адам жедел іздестіру шаралары барысында ұсталған. Күдікті 30 жастағы Талғар қаласының тумасы болып шықты. Оның үйін тінту барысында түрлі-түсті көшіру аппараты, қағаз кесуге арналған станок, лак, бояу мен сия табылған. Сонымен қатар, 5 және 10 мың теңгелік купюралардан 260 мың теңгені өткізуге дайындап қойыпты. Мамандар оларды арнайы қондырғысыз шынайы ақшадан ажырату қиын екенін айтады.
«Аталған факті бойынша, ҚР қылмыстық кодексінің 231-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында қызметкерлермен жалған ақшаны дайындайтын техникалық жабдықтар және 10 мың теңгеден 23 дана 5 мың теңгеден 6 дана тәркіленді», – деді Алматы облысы бойынша экономикалық тергеу департаменті басқарма басшысының орынбасары Тимур Темірболатов.
Алматы қаласында жыл басынан бері 4 миллион 700 мың теңге жалған ақша тәркіленіпті. Ұлттық банктің мәліметі бойынша, олардың 70 пайызы екінші деңгейлі банктерден келіп түскен. Көбінесе 2 мың, 5 мың және 10 мың теңгеліктер қолдан жасалады екен.
«Жыл басынан тіркелген жалған ақша саны 731 дана. Сомасы 3 миллионнан асады», – деді ҚР ұлттық банкінің бас сарапшысы Асхат Әбішев.
Алматылық тергеушілер жалған ақша жасаушының ізіне әлі түсе қойған жоқ. Алматы облыстық экономикалық тергеу департаментінің мамандары күдіктінің ақша жасауды қанша уақыттан бері кәсіп етіп, қанша көлемде әзірлегенін анықтайтын болады.