Түркістан облысында дәрігерлер жансақтау бөлімінде жатқан науқасты Toyota Camry көлігімен тасып жүр. Қан талдауларын алу үшін науқасты шалғайға тасыған дәрігерлер 11 күннен бері нақты диагноз қоя алмай отыр. Ал науқастың қызы бұл нәрсенің жалғасып жатқанына екі жылға жуық уақыт болғанын айтады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Informburo бағдарламасына сілтеме жасап.
Сайлаукүл Есентаева 28 шілде күні Сайрам аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне түскен. Туыстары оның тынысы тарылып, төсек тартып жатып қалатынын айтады.
«Бұл не деген сұмдық? 11 күн өтсе де, нақты диагноз қоя алмай отыр. Осылай келіп жатып жүргеніне екі жылға жуық уақыт болды. Он күн жатқан соң, дәрігерлер анамды үйге қайтарып жібереді», – дейді науқастың қызы Қаламқас Есентаева.
Сондай-ақ, ол анасының әрі-бері жүре беруден шаршағанын айтады. Шымкентте жасалатын сараптамаға не жедел жәрдем, не бір маман қосып берместен өз күшімізбен апарып келуді тапсырды деп отыр. Алайда аурухана басшылығы бұл айтылғандармен еш келіспейтінін жеткізді.
«Ондай болуы мүмкін емес. Өйткені бағыттама берген онколог дәрігер бар. Бұл жерде жатқан науқасты міндетті түрде жедел жәрдеммен жібереміз», – деді Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Нұрәлі Ирсалиев.
Аурухана басшылығы міндетті түрде жедел жәрдеммен жібереміз дегенмен, видеодан науқасты Toyota көлігіне отырғызып жатқанын аңғаруға болады.