ҚР Көші-қон қызметі комитеті 4 баласымен жертөледе тұрып жатқан Бибіғайша Исабековаға қатысты ресми ақпарат берді, деп хабарлайды Neonomad.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Жалғызбасты көпбалалы ананың неліктен баспана кезегіне тұра алмағандығын шенеуніктер былай түсіндіреді:
«Заң бойынша, республикалық маңызы бар қалаларда тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу кезінде оның қала аумағында тұрақты кем дегенде 3 жыл тұруы талап етіледі. 1974 жылы туған Бибіғайша Болатқызы Исабекова тек осы жылдың қаңтар айында ғана тұрғылықты жері бойынша Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Жеке куәлігін де алғаш рет осы кезде рәсімдеген. Аталған кезеңге дейін Астанада тіркеусіз және жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған», – делінген ресми мәліметте.
Белгілі болғандай, Бибіғайша Исабекова өз мәселесін сот арқылы шеше алады. Өйткені оның 2019 жылға дейін елордада тұрғаны туралы ақпарат қалалық көші-қон қызметінің тіркеу есебінде жоқ. Ол өзінің қала аумағында қанша уақыт тұрғанын дәлелдеу үшін ҚР азаматтық-құқықтық кодексінің 306-бабы бойынша сотқа жүгінуі қажет», – деді комитеттегілер.