Үш баласы мен күйеуін тастап Сириядағы соғысқа кеткен 32 жастағы әйел елге оралып, сотты болды, деп хабарлайды Neonomad.kz Жас Алаш газетінің сайтына сілтеме жасап.
Ақтөбеде Ақмара Алмағамбетоваға «терроризмді насихаттады», «ұлттық алауыздықты қоздырды» деген айып тағылды. Ол 2013 жылы үш баласы мен күйеуін тастап Сириядағы соғысқа кеткен. Ол кезде Ақмарал 26 жаста болған. Сирияға Қырғызстан арқылы кетіпті.
«2013 жылдың 25-ші тамызында Түркия мемлекетіне келдім. Одан кейін 2 қыркүйекте Сирияға бардым. Елге биылғы жылдың 9-шы мамырында «Жусан» операциясы шеңберінде қайттым. Мен өзім Күрт мемлекетіне берілгем. Қазақстанға хабарласып қайтатын адамдардың тізіміне қосуды сұрадым. Өзім берілдім», – дейді Ақмарал Алмағанбетова.
Теріс діннің теріс пиғалын кеш түсінген Алмағанбетоваға қатысты сот 22 шілдеде басталды. Судья Әлима ӘДІЛОВА жүргізіп жатқан процессте келіншек неге балаларын тастап кеткендігін айтып берді.
«Жихатқа өз еркіммен аттандым. Елге қайтарда Күрт мемлекетіне беріліп, Қазақстанға өзім хабарластым. Ал үш баламды тастап кеткен себебім мен ол жаққа не үшін бара жатқанымды білдім. Сондықтан алмадым», – деп жауап берді сотта келіншек.
Тергеу мәліметінше, сотталушы 2013 жылы күйеуімен шариғат жолы арқыды ажырасқан. Ал 2017 жылы болса отағасы Мирболат Жаманқұлов заң жүзінде ажырасуға арыз жазған. Бірақ бір жыл өтісімен Ақмарал өзінің Шам елінде майданда жүргенін айтып, хабарласады. Тіпті ДАИШ экстремистік ұйымын насихаттаған.
Кейін белгілі болғандай, Ақмарал Сирияда төрт рет тұрмысқа шығып үлгерген. Сол жақта жүріп тапқан екі баласын артына ерте әкелген.
Прокурор Азамат Байболов Алмағанбетованың ісін екі жақты процесуалды келісіммен аяқтауды және кінәсін толық мойындағаны үшін бес жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Күдікті Алмағанбетова сотқа дейінгі тергеу барысында аталған іс бойынша өз кінәсін толық мойындады. Процестік келісім жасауға ерікті түрде ниет білдірді. Іс бойынша қылмыс жасағанын қолда бар дәлелдемелермен өзі келтірілген сипаттамаларға дауласпайтынын және сараптама қорытындысына жұмсалған 54 905 теңгені мемлекет пайдасына толық өтеуді міндетіне алды деді мемлекеттік айыптаушы Азамат Байболатов.
Алайда сот прокурордың бұл процесуалдық келісіміне келіспеді. Қылмыстық істі бір ай мерзімге қайта тергеуге жіберді.