Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының прокуратурасы митингті заң аясында өткізуге шақырды, деп хабарлайды Neonomad.kz.
2019 жылдың 30 маусымында Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары алдын ала белгіленген жерлерде бейбіт митингілер өткізуге рұқсат берді.
«Бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» ҚР заңы сәйкес ұйымдастырушы арызда көрсетілгендей келісілген мерзімде және келісілген орында митингті өткізу және оның қытсушыларына сөйлеу мүмкіндігін беруі керек.
Бейбіт митингінің ұйымдастырушысы мен қатысушылары қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс. Оларға тыйым салынады:
- көлiк және жаяу жүргiншiлердiң қозғалысына бөгет жасауға;
- инфрақұрылым нысандарының үздiксiз жұмыс iстеуiне кедергi келтiруге;
- жергiлiктi атқарушы органдардың рұқсатынсыз киiз үйлер, шатырлар, басқа да уақытша құрылыстар тұрғызуға;
- ағаштарға, шағын сәулет нысандарына залал келтiруге;
- суық қару, оқ ататын қару және өзге де қару-жарақ алып келуге, сондай-ақ адам өмiрi мен денсаулығына зиянды, жекеменшiкке залал келтiруі мүмкiн арнайы жасалған немесе бейiмделген заттарды алып келуге;
- іс-шара кезiнде қоғамдық тәртiптi қадағалаушы мемлекеттік орган өкiлдерiнiң қызметiне араласуға тыйым салынады.
Сонымен бірге үндеуде айтылғандай, митингілерді темiр жол, су және әуе көлiгi нысандарында, сондай-ақ мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiн, қауiпсiздiгiн және халықтың тiршiлiгiн қамтамасыз ететiн ұйымдардың (қалалық қоғамдық көлiк, сумен, электр қуатымен, жылумен және басқа энергия көздерiмен жабдықтау) жанында, денсаулық сақтау мен бiлiм беру мекемелерiнiң жанында өткiзуге рұқсат етілмейді.
Сондай-ақ митингіні ұйымдастырушылар мен қатысушылар жоғарыда аталған талаптарды орындаудан бас тартса, ішкі істер органдары оларды тоқтату үшін шара қолданады.
Нұр-Сұлтан мен Алматы прокуратуралары бейбіт митингілерге қатысу кезінде Конституция мен заң талаптарын қатаң сақтауға, арандатушыларға ермеуге, құқықбұзушылық жасамауға шақырады.