Жасы 29-дан аспаған мамандарға жалға пәтер берілетін болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасында белгіленген талаптарға сәйкес жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беріледі. Ай сайынғы құны 10-12 мың теңге болады. Бірақ бұл сатып алу құқы қарастырылмаған баспана болғандықтан, жастар пәтерді бес жылдан соң босатып беруі тиіс.
Мұндай пәтерге қол жеткізгісі келетін жас мамандарға бірқатар талаптар бар. Мысалы, азамат сұранысқа ие 100 мамандықтың тізіміндегі біріне ие болса – оған қосымша 10 балл, отбасы болғаны үшін 5 балл, әр баласы үшін бір-бірден балл, одан соң жеке бизнесі болса – 5 балл қосымша алады. Уәкілетті орган он жұмыс күні ішінде осы негізде балл қойып, оны есептеп, сол бойынша жалдамалы пәтерден үміткер бола алатын азаматтардың тізімін жасайды.
Басты талап – үміткердің жасы 29-дан аспауы керек.
Өтінішпен бірге ұсынылуы қажет құжаттар тізімі: жеке куәліктің көшірмесі, білімі туралы құжат, неке куәлігі (егер бар болса), балалардың туу туралы куәлігі (болған жағдайда).
Сондай-ақ өтініш берушінің өзінің және отбасы мүшелері атына ешқандай жылжымайтын мүлік тіркелмегені жөнінде анықтама, жұмыс орнынан анықтама, айлық табыстары 40 АЕК-тен (шамамен 100 мың теңгеден) аспайтынын растайтын соңғы 6 айдағы кірісі туралы анықтама, еңбек өтілі туралы құжаттар, банктік шотты және шоттағы ақша қалдығы туралы есеп, жеке жетістіктері туралы құжаттар (болған жағдайда) да қажет.