Жуырда ғана Қазақстандағы балалар құқығын қорғау жөніндегі уәкіл болып тағайындалған Аружан Саин өзін осы қызметке ұсынғандарға алғыс айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Қателіктер мен кедергілер болатынын білемін. (…) Бәрі сондай тез болды. Дәл қазір команда құрып, жұмысқа кірісуіміз керек. Бұл істе қолдау көрсететін жандардың табылатынына сенімдімін. Командамызға дәрігер және заңгерлерді шақыруымыз керек болады. Бар күшімізді салатын болсақ, көп нәрсені өзгерте алатынымызға да сенемін. Жұмыстың барынша ашық болғанын қалаймын. Ал бұл үшін бізге құралдар қажет», – деді Аружан Саин.
Әрі қарай ол тағайындалуы туралы жаңалықтан кейін қатты толқып отырғанын жасырмады. Тіпті, қорқып отырғанын айтып күлді.
«Иә, қатты қорқып отырғаным рас. Маған сенім артқан адамдардың үмітін ақтай алмаудан қорқамын. Бірақ, барымды салу үшін уәде етемін. Көп нәрсені өзгертетін уақыт келген сияқты. Баршаңызға рахмет», – деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Зағипа Балиеваның Аружан Саинның тағайындалуына қатысты пікір білдіргенін хабарлаған едік.
Сурет: Андрей Халин, ЭК