Семей полицейлері әйелге маршруттық автобуста қалып кеткен сөмкесін қайтарды. Оның ішінде 3 млн теңгесі болған, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
2021 жылдың 10 қаңтарында Семей полициясына 38 жастағы қазақстандықтан хабар келіп түсті. Әйел адам №35 автобуста ішінде ақшасы бар қара рюкзагын ұмытып кеткенін жеткізді.
«Тұрғын Водный поселкесіндегі аялдамада шығып, кейін маршрутты жыламсырап тұрып тоқтатпақ болғанын айтты. Бұл хабарға қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін барлық полиция жасағы жұмылдырылды», — деді баспасөз қызметіндегілер.
Жедел басқарма орталығы қоғамдық көліктің бағыты мен нөмірін анықтады. Полицейлер автобусты ЦУМ маңында тоқтатып, ішіндегі ақша толы сөмкені тапты. Ішіндегі заттар мен ақша сол күйі тұрған.
Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдың 3 желтоқсанында Маңғыстауда ер адам 4 млн теңгесін вокзалға қалдырып кетіп, кейін оны оған полицейлер әкеп берген болатын.