Жаңа жылдан бастап көлік жүргізушілеріне, әсіресі мас күйде рөлге отырудан қорықпайтын жүргізушілерге қатысты талап қатаяды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановтың сөзінше, мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша еліміздің заңы арқылы мас күйінде жол-көлік ережесін бұзғандарға жеке бап енгізілді.
«Қазан айында Алматыда өткен жиналыста президент Қасым-Жомарт Тоқаев мас күйінде көлік айдағандардың жазасын күшейтуді тапсырды. Оларды түрмеге отырғызып, айыппұлын өсіріп, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айыруды ұсынды. Жыл сайын Қазақстанда 30 мыңға жуық мас жүргізуші ұсталады. Салдарынан болатын жол-көлік апатынан биыл мыңнан астам адам жарақат алды, біразы қаза тапты. Сондықтан, Қылмыстық кодекске жаңа бап (ҚК 345-1-бабы) енгізіп отырмыз», – деді ол.
Бас прокурордың орынбасары бүгінге дейін алкогольді ішімдікке мас жүргізуші мен сау жүргізушілерге ортақ бір норма қолданылып келгенін айтты.
«Ішімдікке мас жүргізуші кесірінен адам өлімі орын алса, ауыр қылмыс саналады және тараптардың ымыраға келуіне тыйым салынады. Айыпты адам 10 жылға дейін абақтыға қамалып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін», – деді Ахметжанов.