Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы 2 проценттік баспана кредитін алуға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Биылдан бастап жүзеге асқан «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында төмен пайызбен баспана алуға мүмкіндік бар. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ляззат Ибрагимова кеңес берді.
Оның сөзінше, үміткер ең алдымен баспана кезегін үнемі бақылап отыру қажет. Жолдаманы алғаннан кейін бірден банкке барған жөн. Бұл – бірінші кеңес.
«Екінші кеңесім, міндетті түрде кәсіпкерлікпен айналысып немесе еңбек етіп, аз да болса табыс табу қажет. Бүгінде бұл – басты мәселелердің бірі. Табыс болмағаннан кейін кредит берілмейді. Содан отбасылар шу шығарып, наразылықтарын білдіріп жатады», — деді Ибрагимова үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Банк басшысы нақты табысы жоқ отбасылар қомақты әлеуметтік көмекті алып отырғанын айтады. Соның есебінен кредитті жабамыз дейді. Алайда атаулы әлеуметтік көмек табыс болып саналмайды.
«Иә, бізде әлеуметтік төлемдер мен атаулы әлеуметтік көмек табыс көзі ретінде саналмайды. Ондай отбасыларға баспана кредиті берілмейді. Мемлекет атаулы әлеуметтік көмекті балаларға бөліп отыр. Ақшаны соларға жұмсау қажет. Ал әлеуметтік көмектің есебінен кредит жабуға жол берілмейді», — деп атап өтті Ибрагимова.
Банк отбасының табыс көлемін бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аударылған жарна бойынша анықтайды. Осыған байланысты Ибрагимова зейнетақы жарналарын үнемі аударып тұру керектігіне назар аударды.
«Ал үшінші кеңесім пәтер таңдауға байланысты. Үлкен пәтер таңдасаңыз, баспана кредитін 18 жыл төлей аласыз ба? Осыны ойлау қажет», — дейді ол.