Жанболат Ағаділді өлтірді деген үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі KzNews телеграм каналына сілтеме жасап.
«10 қарашада елордадағы Көктал шағын ауданында төбелес болып, оның салдарынан пышақ жарақатынан 17 жастағы Жанболат Ағаділ көз жұмды. Тергеу амалдары барысында ерегіс ЖШС жұмысшылары мен Талапкер елді мекені жастары арасында болғаны анықталды», – деді С. Әділов министрлік ұйымдастырған онлайн брифингіде.
Оның айтуынша, 6 қарашада Көкталда жастар арасындағы кикілжің соңы төбелеске ұласқан. Бұл жанжалға Талапкерден келген өзге адамдармен бірге Ж. Ағаділ де қатысқаны анықталды. Төбелесте ол пышақ жарақатын алған. Аталған фактілер бойынша 293-бабы 3-бөлігі мен 99-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық істер тұрғысында тергеу жүріп жатыр.
«Аталған аумақтағы іздестіру шаралары барысында патрульдік полиция өкілдері төбелесте болғандардың барлығын ұстады. Полицейлер ізін суытпай негізгі күдіктілерді де қолға түсірді. Қазіргі кезде төбелеске қатысқан үш адам, оның ішінде адам өліміне қатысты күдікті бір адам елордада Полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Санжар Әділов.