Қайрақбай Құттыбайұлы, біз сізбен Еңбек күні қарсаңында кездесіп отырмыз. Өзіңіз Еңбек Адамының әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтары мен мүддесін қорғайтын қоғамдық ұйымнан болғандықтан бүгінгі әңгімені еңбек қауіпсіздігіне арнағымыз келіп отыр. Айтыңызшы, бүгінде елдегі кәсіпорындарда өндірістік жарақат алу қандай деңгейде?
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, осы жылдың 8 айында Республикада 598 жазатайым оқиға салдарынан 912 адам жарақат алған. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,5% -ға жоғары. Оның 130-ы қайтыс болды. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 37% жоғары. Өзіңіз байқап отырғандай, ресми статистика көңіл көншітерлік емес. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (159 адам жарақат алды), Шығыс Қазақстан (129 адам), Қостанай (86 адам) және Павлодар (65 адам) облыстарында сақталып отыр. Егер экономиканың салаларына бөліп қарайтын болсақ, ең көп зардап шеккендер тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 133 адам. (20,0%) және құрылыс индустриясында – 65 адам. (9,7%). Мемлекеттік бақылаудың нәтижелері анықтаған еңбек заңнамасын бұзушылықтардың 23,7% -ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласында тіркелгенін көрсетеді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың себебіне келсек, ол жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңнаманы бұзуы. Алайда өкінішке қарай, кей жағдайларда зардап шеккен жұмысшылардың өздері бұл мәселеде немқұрайлық танытады.
Бізде зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлер бар. Оларға қатысты статистика қандай?
2019 жылы 370 мыңнан астам жұмысшы зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеді. Өткен жылы 676 мың жұмысшы зиянды еңбек жағдайындағы жұмыс үшін 128 миллиард теңге көлемінде түрлі өтемақы алды.
Түсінікті. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясына біріккен елдің кәсіподақтары бір айға жетер-жетпес уақыт бұрын өзінің кезекті съезін өткізді, онда сіздер бесжылдық қызметтеріңіздің қорытындыларын шығардыңыздар. Айтыңызшы, сіздердің өздеріңіз бес жылда еңбек жағдайын қалай жақсарта алдыңыздар?
Жалпы ХЕҰ мәліметтері бойынша жыл сайын әлемде 2,3 миллион адам жұмыс орнында қайтыс болады, ал 2 миллионнан астамы кәсіби аурулардың салдарынан қайтыс болады. Бұл жұмыс берушілердің миллиардтаған доллармен бөлетін өтемақы төлемдеріне кететін экономикалық шығындары үнемі артып келеді деген сөз. Яғни қазіргі еңбек қорғау жүйесі жазатайым оқиғалардың алдын алуға емес, олардың салдарын жоюға көбірек бағытталған.
Кәсіподақтар мемлекеттік органдармен және жұмыс берушілермен бірлесіп, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кешенді шаралардың нәтижесінде 2015-2019 жылдары республикада өндірістік жарақаттану 17,4% -ға, өлім-жітім 29% -ға төмендеді. Дегенмен өндірістегі жарақаттану деңгейінің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарамастан, жалпы еңбек қорғау саласындағы жағдай күрделі күйінде қалуда. Жыл сайын елде орташа есеппен 1500-ден астам адам жарақат алады, олардың ішінде 200-ден астам адам қайтыс болады.
Сіздер осы мәселе бойынша қандай да бір талдау жүргізесіздер ме?
Әрине. Мәселен, 2019 жылы Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылға арналған қайғылы оқиғаларға талдау жүргізді. Осы кезеңде 191 кәсіпорында 216 адам қайтыс болды. 160 кәсіпорында жұмыс берушінің кінәсі дәлелденді. 138 кәсіпорында кәсіподақ ұйымдары болған жоқ. Тиісінше, ешқандай әлеуметтік бақылау болған жоқ, өндірістік кеңестер құрылған жоқ. Бүгінгі таңда Қазақстанда әрбір жетінші жұмысшы жарақат алу қаупі жоғары зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Мұндай жағдайда жұмыс істейтіндердің төрттен бір бөлігі әйелдер.
Дегенмен осы жағдайды жақсарту мақсатында не істей алдыңыздар?
Федерация Үкіметке жазатайым оқиғалардың алдын-алуды күшейту, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың Еңбек кодексінде бекітілген құқықтары мен міндеттерін іске асырудың жаңа тетіктерін әзірлеу бөлігінде еңбек заңнамасын реформалау жөнінде ұсыныстар жолдады. 2018 жылды Еңбекті қорғау және қауіпсіздік жылы деп жариялады. Барлық аймақтарда кәсіподақтардың бастамасымен әлеуметтік әріптестердің қатысуымен «Қауіпсіз жұмыс» бағдарламасы жасалып, жүзеге асырылды. 2018-2019 жылдары «Еңбекті қорғаудағы алдын-алу мәдениетін бірге арттырамыз» республикалық акциясы өткізілді. Айта кету керек, акция аясындағы жұмыс өзінің оң нәтижесін берді – егер 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 12 855 өндірістік кеңес болса (олардың 94% кәсіподақтардың бастамасымен құрылған), ал 2020 жылдың 1 қаңтарында 15 мыңнан астам өндірістік кеңестер құрылды ( Олардың 79,4% -ы кәсіподақтардың бастамасымен). Осы бағыттағы жұмыстың бірі парасы еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларға қатысты болды. Біз осы инспекторлардың мәртебесін көтеру және озық тәжірибе алмасу мақсатында 2018 жылы Кәсіподақтар федерациясы жыл сайынғы «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының еңбекті қорғау жөніндегі ең үздік техникалық инспекторы» республикалық байқауын өткізу туралы Ережені бекітті. Жалпы, бүгінгі таңда еңбек жағдайына қоғамдық бақылауды 18 мыңнан астам еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар жүзеге асырады, олар жыл сайын 180 мыңнан астам бұзушылықтарды анықтайды. Қазақстан Республикасындағы өндірістік жарақаттанушылықты пен зиянды еңбек жағдайлары бар жұмыс орындарын азайту 2019-2023 жылдарға арналған Жол картасын әзірлеуге ат салыстық, оны Қазақстан Республикасының Үкіметі 2020 жылдың 26 маусымда № 441 қаулысымен бекітті. Сонымен қатар, 2019 жылы Женева қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығымен (ХӘҚҚ) «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Қазіргі уақытта аймақтарда осы тұжырымдамаға қосылу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек Мемлекет басшысының 2019 жылғы мамырда бастамашылық еткен «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарға енгізу бойынша жұмыстар жалғасуда. Жоба кәсіпорындағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғауды бақылауды күшейтуге арналған. Бұл үшін кәсіпорында «халық инспекторы» ретінде мүмкіндігі шектеулі адамдар тартылған – бүгінгі күні жобаны 36 кәсіпорын жүзеге асырды. Сонымен қатар, өзіміздің мүшелік ұйымдарды, еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды және кәсіподақ активін әдістемелік құралдармен яғни тұрақты негізде дайындалатын қажетті анықтамалықтармен, ұсыныстармен, жинақтармен қамтамасыз ету мәселесі назардан тыс қалып отырған жоқ.
Сіз Кәсіподақтар федерациясы атынан «Нұр Отан» партиясының партияішілік сайлауына қатысып жатыр екенсіз. Мұндағы мақсат не? Егер заң шығарушы билікке барсаңыз, нақты осы еңбек қауіпсіздігі бойынша қандай өзгеріс енгізуге ниеттісіз?
Иә, сөзіңіз рас. Мен ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан «Нұр-Отан» партиясының партияішілік сайлауына түсіп жатырмын. Өзімнің сайлауалды бағдарламамда Еңбек Адамына қауіпсіз еңбек жағдайларының жасалуын бір бағыт етіп алдым. Жалпы Парламентте Еңбек Адамының мұң-мұқтажын бүге-шегесіне дейін білетін, олардың сөзін сөйлейтін ең бастысы, солардың қатарынан шыққан адамдар болуы керек. Бұл қажеттілік және оны уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Менің праймеризге қатысудағы басты мақсатым осы. Мен көп жылдардан бері кәсіподақтар қозғалысының Еңбек Адамының мүддесі мен заңды әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаудағы ортақ ісін әрі қарай ілгерілету үшін қатысып жатырмын праймеризге. Өзім көп жылдық тәжірибесі бар кәсіподақ белсендісі болғандықтан, бұл тақырыпты толыққанды білемін деп сеніммен айта аламын. Қандай өзгеріс қажет екенін де білемін. Осы тұста енді сұрағыңыздың екінші бөлігіне ойыссақ, менің сайлауалды бағдарламамдағы осы бағыттағы ұсыныстарым: біріншіден еңбекті қорғауды басқару жүйесі барлық кәсіпорындарға енгізілуі тиіс. Екіншіден өндіріске еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізген жұмыс берушілерді қолдауымыз қажет. Үшіншіден еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпей отырған жұмыс берушілерді әкімшіліктік және қылмыстық жауапкершілікке тарту шараларын күшейтуіміз керек. Төртіншіден «Нөлдік» жарақаттану тұжырымдамасын жүзеге асыру бойынша «Қауіпсіз еңбек» мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуіміз қажет. Әңгіменің басында Еңбек күні қарсаңында жүздесіп отырғанымызды тілге тиек еттіңіз ғой. Сондықтан, осы сәтті пайдаланып сіздердің басылымдарыңыз арқылы адал еңбегімен ортақ отанымыздың дамуына үлесін қосып жүрген Еңбек Адамдарын мерекемен құттықтағым келеді. Кәсіподақтардың басты құндылығы – Еңбек Адамы. Сондықтан біз Еңбек Адамының мәртебесінің өсуіне барымызды салуға тырысамыз. Себебі бәрімізді тек еңбек қана биікке шығарады. Елдің еңсесін көтеретін де еңбек. Ал Еңбек Адамына лайықты еңбегі үшін лайықты өмір сүру деңгейі қамтамасыз етілуі тиіс!
ҚР КӘСІПОДАҚТАР ФЕДЕРАЦИЯСЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, «YNTYMAQ» САЛАЛЫҚ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ Жаңабеков Қайрақбай Құттыбайұлының «Айқын» газетіне берген сұқбаты