Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның депутаттық өкілеттігі тоқтағанын жариялады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
Назарбаеваның орнына Мәулен Әшімбаев парламент сенатының төрағасы болып сайланды.
Мәулен Әшімбаевты бүгін, 4 мамырда түсте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметінен босатып, парламент сенатының депутаты етіп тағайындаған.
1971 жылы Алматы қаласында туған Мәулен Әшімбаев 2006-2011 жылдары Қазақстан президенті әкімшілігі басшысының орынбасары, 2012 -2018 жылдары пардламент мәжілісінің депутаты, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 2018 -2019 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған.
4 мамырда ОСК-ның жиналысы өтіп, онда «Қазақстан парламенті сенатының депутаты Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның өкілеттігін тоқтату туралы қаулы қабылданды», – делінген ОСК сайтында жарияланған ақпаратта.
2 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Дариға Назарбаеваның сенат депутаты өкілеттігін тоқтату туралы жарлыққа қол қойды.
56 жастағы Дариға Назарбаева былтыр 20 наурызда, әкесі президент қызметінен кеткеннен кейін, сенат спикері болды. Ол 2016 жылы әкесінің жарлығымен сенат депутаты мандатын алған. Сарапшылар оның сенатор болып тағайындалуын Нұрсұлтан Назарбаев мұрагері ретінде таңдау жасады деп бағалаған.
Қазақстан Конституциясына сәйкес, сенат спикері – президент қызметінен кеткен жағдайда не қайтыс болған жағдайда, оның орнын уақытша басатын тұлға.
Назарбаева сенатқа келгенге дейін премьер-министрдің орынбасары қызметін атқарды. 2012-2015 жылдары Дариға Назарбаева парламенттің төменгі палатасының вице-спикері болды.