Бастыққа гүл сыйлауға болмайды! Өйткені ол – жеке мәселені шешудің жолы. Жемқорлықпен күрес агенттігі енгізген заңға байланысты мемлекеттік қызметтегі әйелдер 8 наурыз қарсаңында гүлсіз қалайын деп тұр. Себебі, заң бойынша мемлекеттік қызметкерлерге сыйлық беруге болмайды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Керек емес. Егер сыйлық бергіңіз келсе, қарапайым қызметкерлерге, сіздің отырған орныңызды жинап, қоқысыңызды далаға тастайтын, соларға беріңіз. Неге басшыға беруіңіз керек? Басшыға берген деген – ол мәселені шешу. Сондықтан сыйлық беруге үзілді-кесілді қарсымыз», – деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Жазира Жылқышиева.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заң бойынша, лауазымды тұлғаға құны 5 302 теңгеден төмен сыйлық сыйлағаны үшін 530 мың 200 теңге әкімшілік айыппұл қарастырылған. Ал сыйлықты алған адам 1 млн 590 мың 600 теңге айыппұл арқалайды. Егер сыйлықтың құны 5 302 теңгеден асып кетсе, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Яғни, мемлекеттік қызметкерге ешқандай сыйлық та, тіпті гүл де беруге болмайды.