Коронавирус табылған круиздік кемеде төрт отандасымыз бар. Олар Жапония жағалауында тұрған лайнердегі төрт мыңға жуық адаммен бірге карантинге жатқызылған. Ал Уханьнан елордаға жеткізілген студенттер ауруханадан шығарылатын болды. Бүгін Денсаулық сақтау министрлігі қатерлі індетке қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Жапониядағы Diamond Princess деп аталатын круиздік кемеде төрт отандасымыз болған. Олар 4 000 жуық адаммен әлемді шарлауға шыққан екен. Ақпан айының басында лайнерде Гонконгтың 80 жастағы тұрғыны короновирустың жаңа түрін жұқтырған. Кейінірек тағы бірнеше жолаушының індетке шалдыққаны белгілі болды. Жалпы, кемеде болған қазақстандықтарға алаңдайтын ештеңе жоқ. «Олардың жағдайы жақсы», – дейді Денсаулық сақтау министрлігі.
«Жапония жағалауындағы Diamond Princess круиздік лайнерінде 50 елдің 3700 азаматы карантинге алынды. Коронавирус жұқтырған 174 адам тіркелді. Лайнерде Қазақстанның төрт азаматы бар. Олардың жағдайы жақсы. Вирустан дін-аман», – деді ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп.
Еліміздің ресми органы таратқан бүгінгі мәлімдемеде 174 адамның вирусты жұқтырғаны айтылды. Алайда жапондық Киадо агенттігі лайнерде кеселге тап болғандар санының 219-ға жеткенін хабарлап отыр. Жапония жағалауында тұрған круиздік кемедегі карантин 19 ақпанда аяқталады. Ал елдегі жағдай әзірге тұрақты. Елордадағы ауруханада жатқан Уханьнан жеткізілген студенттер оқшауланған жерден жексенбіде шығарылмақ.
17 ақпанда олармен кездесу өткізіледі деп жоспарлануда. Егжей-тегжейлі сол кезде болған жайтты айтып береміз. Елімізге 6-шы қаңтардан бері Қытайдан келген 25 мыңға жуық қазақстандық бақылаудан өткізілген. Ешбір белгі табылмаған. Сондай-ақ, Беларусьтың бес, Арменияның бір азаматының жағдайы жақсы.