Алматыда бірнеше ер адам 14 жастағы қызды алдымен ішімдікке тойдырып, сосын зорлаған. Арам істерінен соң оны қоқыс маңына тастап кеткен, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы «Немолчи» қозғалысы Facebook желісіндегі парақшасында жазды.
Оқиға 23 тамыз күні сағат болған. Қыздың анасына сыныптастары хабарласып, қыздың мас күйінде қоқыстың маңында жатқанын айтқан.
Содан кейін анасы шұғыл түрде жолға шығады. Бірақ анасы жетпей жатып, мас күйінде жатқан қызды бірнеше адамдар жұрттың көзінше көлікке салып, белгісіз жаққа алып кеткен. Оны көрген куәгерлер бар.
Осы кезде куәгерлер бірден полицияға хабарласқан. Екі сағаттан кейін қыз қаланың басқа ауданындағы қоқыстың маңынан табылды. Ол ес-түссіз жатқан. Жедел жәрдем келген кезде өзіне белгісіз біреулердің еріксіз ішімдік ішкізіп, қорлағанын айтыпты.
Бір қызығы, қыздың анасы жедел жәрдем көлігіне бірден кіре алмаған. Есікті қағып, әрең кірген анаға медқызметкері қыздың зорланғандығын айтқан. Сол кезде ана «Немолчи» қорына хабарласып, болған жайтты айтып берген.
«Сот-медициналық сараптама кезінде қыздың жағдайы қиындап кетті. Гинеколог қыздың зорланғанын растады. Жасөспірім амнезияға ұшыраған. Бұл жағдайды ушықтырып отыр», деді «НеМолчиKZ» қорының жетекшісі Дина Смайылова.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«102 нөміріне хабар түскен соң бұл факт сотқа дейінгі тексерудің бірыңғай реестріне енгізілді. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздың анасы көрсеткен куәгерлерден жауап алынды. Қазіргі уақытта тиісті сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша оқиғаның мән-жайы белгілі болады», – деп хабарлады ведомствода.
Кінәлілердің кім екені анықталса, бес жылға дейін бас бостандығы шектелуі немесе бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мұғалімдері қыздың сабағы мен тәртібі жақсы екенін айтады. Оның анасы қатерлі ісікке шалдыққан. Қоғамдық қорда ерікті болып жұмыс істейді.