«Бэк Эйр» әуе компаниясына қатысты бүгін тағы сұмдық ақпараттар жария етілді. Айтылып қана қойған жоқ, суреттері мен видеотаспасы да көрсетілді. Бұған дейін ұшақ апатына басты себеп ретінде айтылған мұз қатудан бөлек, «Фоккер 100» ұшағының кемшіліктері шаш етектен. Ал Алматы маңындағы апатта зардап шеккендерге өтемақы беру мәселесі басты назарда екенін бүгін мемлекет басшысының өзі айтты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Шетелдік мамандар «Бэк Эйрдің» ұшақтарын бір айға жуық уақыт бойы тексерді. Кеткен қате шаш етектен. Яғни, ұшақ ұшар кезде майы ағып тұрыпты. Ол ұшу айлағына да тамған. Сонымен қоса, әуе кемесінің дөңгелектері тозған, қанатының астында қорғаныш резеңкесі мүлдем жоқ. Бекіткіштер де толық жабылмай, кей жерін тіпті кәдімгі скотч байлап қойған. Борттың ішіндегі орындық саны да құжатқа сәйкес емес. Екі қозғалтқышында сәйкестік белгілерін таба алмаған. Ал бұл өте маңыздысы екен. Ең басты туындайтын сауал – осыншама қателік бола тұра, ұшу сертификаты қалай берілген?
«Bek Air компаниясымен жұмыс істеген екі инспектор түсініктеме беріп жатыр. Бұл сұрақтың негізі екі тұсы бар: неге олар мұндай заң бұзушылықтарға барды немесе жергілікті заңнама осындай қателіктерге жол бере ме? Анықтап жатырмыз», – деді «Қазақстан авиация әкімшілігі» АҚ бас директоры.
Басынан дау арылмаған әуе компаниясы жолаушылар алдындағы міндетін де өтей алмай отыр. Әсіресе өтемақы мәселесі президентке дейін жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатының басы-қасында жүрген вице-премьер Роман Склярдан бәрін тәлпіштеп сұрады.
«Маған ұшақ апатынан зардап шеккендерден хат келіп жатыр. Олар ақшалай өтемақы алмаған, адамдар ауруханаларда жатыр. Кейбіреулері еңбекке жарамсыз болып қалған. Осыған байланысты не істелініп жатыр?» – деді ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Сіздің тапсырмаңыз бойынша, қаза тапқандардың отбасына төрт миллион теңгеден төленді. Бұдан бөлек, осы рейсте болған жолаушылардың барлығы сақтандырылды. Сақтандыру компаниясы жақын арада төлемдер жасайтын болады. Бақылауда ұстап отырмыз. Ұшақ апатынан 52 адам зардап шекті. Олар түрлі аймақтардың өкілдері. Оларға жергілікті атқару органдары мен еңбек және әлеуметтік қорғау тарапынан көмек көрсетіледі», – деді ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр.
Мемлекет басшысы аталмыш істі жеделдетіп, жақын арада шешуді үкіметке шегелеп тапсырды. Айтып өтейік, елді дүрліктірген ұшақ апатынан бері 28 күн өтті. 12 адам қаза тапты. Ал ауруханада жатқандары үйіне оралған. Жалпы, Қазақстан авиация әкімшілігі тізіп берген кемшіліктерге «Бэк Эйр» басшылығы міз бақпай отыр. Керісінше, авиация әкімшілігін ұшу туралы сертификатты тоқтатқаны үшін сотқа берген-ді.
Ал Питер Гриффитс: «Тағы бір ұшақ апатының қайталанғанын қаламаймын. Егер авиация әкімшілігінің мамандары қате жіберсе, олар қатаң түрде жауапқа тартылады», – деді.
Ол әуе компаниясының сотқа берген арызы «ешқандай рөл атқармайды» деп қысқа қайырды.