Әнші Мейрамбек Бесбаев депутат Зағипа Балиевамен арадағы жағдайға байланысты қандай ортақ шешімге келгенін айтты. Бұл туралы әнші Іnstagram желісіндегі парақшасында жазды., деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Кешелі бері Қазақстан орындаушылары одағы маңындағы өрбіген жағдайға байланысты келесіні хабарлаймын. Бүгін ұйымның бұрынғы басшылығымен кездесу өткіздім. Ортада қалыптасқан барлық мәселе бойынша келіссөздер жүріп, ортақ шешімге келдік. Біріншіден, менің заңды түрде басшы ретінде әділет органдарында тіркелуіме бұрынғы басшылық ешқандай кедергі келтірмейтін болды. Екіншіден, одақтың басқа ұйымдар мен құрылымдардың алдындағы міндеттемелерін бұрынғы басшылық және біз екі жақтап шешетін болдық», – деп жазды Бесбаев.
Әнші ұйымның болашақтағы барлық жұмысы таза, ашық жүргізілетінін жеткізді. Қол жеткізілген тағы бір келісім – кей шаруаларға қатысты бұрынғы басшылық нақты ақпарат беріп отырады.
«Бір елдің балалары болғандықтан, сөзге тоқтаған текті халықтың ұрпағы болғандықтан, біз ортақ мәмілеге келдік. Сол себептен, қазақтың көрнекті мемлекет қайраткері, құрметті апайымызға қатысты кеше жариялаған постымды алып тастаймын. Кеше орын алған мәселені әрі қарай ушықтырмай, тез арада шешілуіне ықпал еткен Зағипа Яхияқызына алғыс айтамын! Мені қолдап, жылы сөзін аямай жатқан барлық ағайынға Алла разы болсын», – деген әнші өз жазбасында.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін Мейрамбек Бесбаев өзіне қысым көрсетіліп жатқаны туралы айтқан еді.