Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары өңірде құйрығы мен қанатында қытай жазбалары бар көгершіндерді көріп шошыды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Ғылым бөлімінің қызметкерлері мұндай құстарды 2015 жылдан бастап зерттеген екен. Бірнеше ғылыми мақала да жарыққа шығыпты.
Төрт жыл бұрын Беқалқа ауылының тұрғындары өлі көгершінді тапқан. Оның сол жақ сирағында смартфонмен қадағаланатын қара пластик сақина болған.
Құстың қанатында қызыл түсті иероглифтер болды. Ең қызығы, көгершіндер аулалардағы құстың жемін емін-еркін жеп жүрген. Адамдардан мүлдем қорықпапты.
«Қытайдан келген көгершіндерді зерттеген кезде олардың маңызды ақпарат тасып жүргенін білдік. Алайда бұл құпия ақпарат емес, спортқа қатысты мәлімет. Өткен ғасырдың 90 жылдарында әлемде көгершін спорты мен бизнесі дамыған екен. Оның арқасында біраз ақша табуға болды. Мұндай елдердің бірі Қытай», – деп жазды Экология, геология және табиғи ресурстар комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook-тегі парақшасында.