Алматыда бес уақыт намаз оқып жүрген 42 жастағы ер адам өгей қызын зорлап келген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Жылдар бойы өгей қызын зорлап келген ер адам намаз оқиды екен. Бірақ соған қарамастан ол заңсыз қару-жарақ сақтаған, жезөкшелерге сутенерлік жасаған.
Тергеу амалдары аяқталғанға дейін күдікті үй қамауға алынған. Алайда оның әйелі бұған қарсы. Әйелдің сөзінше, төрт жылдан аса уақыт бойы зорлық көріп келген қыз өгей әкесінің атын естісе тұншығады.
«13 жасқа толғанымда, алғаш рет зорлады. Оны анама айта алмадым. Екеуі қаншама жылдан бері бірге тұрады, отбасының шырқын бұзам ба деп қорықтым. Ол кезде екеуінің 4 баласы болды. Ал анам үйде жоқта өгей әкем менен кейінгі інім екеуімізді ұрып-соғатын», – дейді бойжеткен.
Жәбір көрген қыз биыл 18 жасқа толды. Мектепті үздік бітірсе де, жоғару оқуға құжат тапсырмаған. Оның сөзінше, өгей әкесі үйде отыр деп бұйырған.
15 жыл бойы отбасының отағасы деп білген келіншек оқиғаны сене алмай жүр. Бес уақыт намаз оқитын адам мұндпй арсыздыққа қалай барады, деп жағасын ұстауда. Әйелдің екінші некеден 4 баласы бар. Үлкені 14-те, кішісі 5 жастауда.
«Намаз оқитын, бірақ ешқашан мешітке барған емес. «Аллаға сыйынғанымды жұртқа көрсетудің қажеті жоқ» деп айтатын. 1-2 күн үйге қонбай, жоқ болып кететін. 15 жылдың ішінде нақты не істеп жүргенін айтқан емес. Өткен өмірі туралы сұрасам, жауапсыз қалдыратын. Бірақ отбасын ешқашан аш қалдырған жоқ», – дейді ол.
Күдікті арам пиғылын әйелі жоқ кезде жүзеге асырады екен. Барлығына теріс діни ағымдарды кінәлаған әйел күдіктінің үй қамақта отырғанына да қарсы. Тергеу аяқталмаса да, отбасының қауіпсіздігі үшін абақтыға жабылсын дейді.
«Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының қаулысымен күдіктіні үй қамаққа алу мерзімін 4 айға ұзарту туралы Алматы қаласы полиция департаментінің тергеу басқармасы аға тергеушісінің өтініш хаты қанағаттандырылды. Ең алғашында 2 айға үй қамаққа алынған. Содан кейін осы аға тергеушінің өтініш хатымен бір айға ұзартылған. Енді 15 қыркүйекке дейін үй қамақта болады», – деп мәлімет берді Алматы қалалық соты баспасөз қызметінің бас маманы Абай Жарылқасын.
Полицейлердің мәліметінше, зорлауға қатысиы іс енді тергеліп жатыр.
«Бұл азаматты біз Қылмыстық кодекстің 309-бабы бойынша жезөкшелікке арналған притонды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқанбыз. Содан соң ол азаматтың бірнеше қылмысқа қатысы бар екенін белгілі болды. Яғни заңсыз қару-жарақ сақтау және бірнеше жыл бойы өзінің өгей қызын зорлау деректері бойынша біз тағы да екі қылмыстық істі қозғадық», – деді қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Белгілі болғандай, күдікті бұған дейін заңсыз қару сақтағаны үшін екі рет сотты болған. Сол үшңн 10 жарым жыл түрмеде отырып шыққан.
Енді өгей қызын зорлады деген күдік дәлелденсе, 20 жылға бас бостандығынан айырылады.