Бұның алдында Гиссар қаласының соты кәмелет жасқа толмаған қызды зорлаған адамды бес жылға соттап, оны рақымшылықпен сот залынан босатқан. Сот үкімі әлеуметтік желі қолданушылардың наразылығын туғызды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
13 жастағы қыздың отбасы да сот үкімімен келіспей, Жоғарғы сотқа арызданған. Рақымшылықпен босап шыққан кісінің туыстары Гиссар соты «әділ үкім шығарды» дейді.
Озоди радиосының журналистері 22 желтоқсанда Гиссар сотына барып, даулы іс туралы білмек болған. Бірақ соттағылар істің «құпия белгісі» барын айтып, мәлімет беруден бас тартты.
Гиссар сотының шешімі 9 желтоқсанда шыққан. Сот істі бір күн қарап, сол күні үкім шығарған.
13 жастағы қыз сот үкімімен келіспейді.
«Ол мені ұрды. Есімнен танып қалдым. Сол сәтті пайдаланған ол мені зорлаған. Соған қарамастан, оны сот залында босатты. Оны кем дегенде он жылға соттайды деп айтқан еді», — дейді қыз.
Оның айтуынша, зорлық оқиғасы 2019 жылы жазда болған. Оны әжесінің үйінде аталас ағасы зорлаған. Қыздың туыстары оның аяғы ауыр екенін сегіз айдан соң білген. Қыздың анасының айтуынша, зорлық көрсеткен адамның отбасы, екі баласы бар.
Рақымшылықпен босаған жігіттің туыстары кісі зорлауға қатысты айыптауларды «жала жабу» деп атады.
«Менің балам туралы айтқандарының бәрі өтірік. ДНК анализі де соны көрсетті. Мен ол қыздың қандай екенін білемін. Бар кінәні менің балама артып отыр», — деді 32 жастағы жігіттің анасы.
Тәжікстанда зорлық әрекет үшін 12-25 жылға соттайды, өлім жазасына кеседі немесе өмірлік түрме жазасын береді. 2004 жылы республикада ең ауыр жазаға мораторий жаряланған.