Қарағанды облысында құтырған қасқыр жұрттың жылқысын талап жатыр. Осы күнге дейін 50-ден астам жылқы жыртқыштардың құрбаны болып, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
Салқын тұскелі бері Бұқар жырау ауданына қарасты үш ауылдың жылқысына қырғидай тиіп жатыр. Жыртқыштар адамнан қорқудан қалыпты.
Сондықтан олар аңшылық инспекциясынан малды жайпап бара жатқан жыртқышты жоюға рұқсат беруін талап етіп отыр.
Ақжар ауылының тұрғыны Мереке Дүйсембаев «күні-түні жылқының соңында жүре алмаймыз ғой. Ол жарықтық түнде жайылады. Таңертең барсақ, жайрап жатады, желінген, не тартылған. Таңертең естідік, көрші ауылдан кәдімгі грейдердің қасында жеп жатыр дейді. Осының алдында үш-төрт жыл бұрын мұндай болған жоқ. Тіпті 10-15 жыл. Болды ғой енді, бірақ дәл мұндай қатты болған жоқ», – дейді.
Ауыл тұрғындары иен далада өлекселерді күн ара табады. Әсіресе боранды күні құтыратын қасқырлар жылқының кеңірдегін қиып, жарып кете береді екен. Ал азу тістен сытылып шыққандарды иелері қораға қамап, ем-домын жасап жүр.
Ауыл тұрғындары мәселені шешу үшін кәсіби аңшылар тартылса дейді. Өйткені өздерінңң мұрсаттары да, рұқсаттары да жоқ.
«Келсін, көмек керек, аңшыларды жіберсін. Рұқсатын берсін. Халық боп атпен шығамыз. Біз осы малға қарап отырмыз. Бірекі малымызды жеп қояды. Кішкене, бір екеуін болсын атып, азайту керек, – дейді Ақжар ауылының тұрғыны Баткен Сейітов.
Ал Орман шаруашылығы испекциясындағылар қасқырға аңшылық жасау заңға қайшы дейді. Жыл сайын саны азайып бара жатқанын айтуда.
«Қасқырды жаппай қыра берсек, жақын болашақта экологиялық апатқа ұшырауымыз мүмкін. Сондықтан оның санын сәл азайтып отыруға ғана рұқсат етіледі. Биылдыққа 16 қасқырға ғана рұқсат болды. Сондықтан ауыл тұрғындары малына сақ боп, келесі жылды күтуіне тура келеді. Көзі құртылатын қасқыр саны анықталғанда кәсіби аңшыларға рұқсат қағаздары беріледі», – дейді Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және хайуанаттар әлемін қорғау испекциясының бөлім бастығы Евгений Протас.
Тұрғындардың айтуынша, қасқырлар жазда Баянауыл және Қарқаралы аудандарында болған дала өртінен ауып келген.