28 қарашада Құлсары қаласында тұратын 13 жастағы жасөспірім қыз өз үйінің гаражында асылған күйде табылды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
«Оқиға түнде болған, оны анасы тауып алыпты. Қыздың не себептен суицидке барғаны белгісіз, бойынан оғаш қылық байқалмаған, мектепте жақсы мінезімен танылған, толыққанды отбасынан шыққан», – дейді Жылыой аудандық білім бөлімінің басшысы Айбарша Қақпанбаева.
– Ешқандай хат та қалдырмапты, тек, неге екені белгісіз, ұялы телефондағы барлық жазбаларды өшіріп тастаған. Телефонды сараптамаға әкетті.
– Жуырда облыстық әкімдікте болған жиналыста әлеуметтік желіде оқушыларды суицидке жетелейтін түрлі ойындар қайта басталғаны туралы айтылған еді. Мұнымен байланысы жоқ па?
– Аудандық полиция бөлімі тергеп-тексеру амалдарын жүргізуде. Қазір нақты ештеңе айта алмаймын.
Айта кету керек, Жылыой ауданында 2017-18 оқу жылында 5 оқушы өзін-өзі өлтірсе, 2 оқушыны аман алып қалу мүмкін болған.