Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәліметінше, жақын арада мемқызметкерлерге жұмыс орнында смартфон пайдалануға рұқсат беріледі, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпарат сайтынп сілтеме жасап.
«Мемлекеттік органдар орналасқан ғимарат иелері полиция органдарымен бірге нұсқаулыққа қол қоюы тиіс. Осыдан кейін ғана мемлекеттік қызметкерлер ғимаратта смартфондарды қолдана алады. Десе де, ақпараттық қауіпсіздік мәселесін назардан шығармау керек. Тиісті қаулыға бүгін қол қойылды. Ғимарат иелері мен полиция таяуда нұсқаулыққа қол қояды», – деді министр Үкімет отырысынан кейін.
Рұқсат берілген жағдайда да мемлекеттік органдарға смартфондарды алып кіру мәселесі тиісті нұсқаулықтармен жүзеге асатын болмақ.
Өз кезегінде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев мемқызметшілерге нақты қашан рұқсат берілетінін айтты.
«Нақты уақыт белгісіз. Мақұлдануы керек. Әрбір мемлекеттік органда бір айдың ішінде мақұлдануы керек», – деді ол.