2019 жылғы 16-18 қарашаға арналған ауа райы болжамын «Қазгидромет» РМК таратты, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі.
«Арктикалық антициклондарды атлантикалық батыс циклондар жылдам ығыстыруда. Сол себепті еліміздің солтүстік, орталық және шығыс облыстарында ауа температурасының айтарлықтай төмендеуі жексенбі күні кезекті жылумен алмасады. Егер алдағы түнде бұл аймақтарда түнгі ауа температурасы минус 17…25°С сақталса, ал жексенбіде түнде солтүстікте және орталықта, дүйсенбіде шығыста минус 5…13°С жоғарылайды», – делінген ауа райы болжамында.
Мамандардың айтуынша, атлантикалық циклонның әсерінен ауа температурасының жоғарылауы ғана емес, сондай-ақ, жолдарда көріну қашықтығын нашарлататын қарлы боран мен екпінді батыс желі күтіледі.
Сонымен қатар метеорологтар Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы жауын-шашынсыз болғанымен, ауа температурасы төмендейтіндігін, ал батыс өңірлерде жауын-шашынсыз және температураның жоғарылауы күтілетіндігін мәлімдеді.