Қызылорда облысында іші лас, тоңызтқышы бос, дәрігері жоқ балабақша жұмыс істеп келген. Балғындарға тамақ та уақытылы берілмеген. Тексере келе тіпті қызметкерлерінің санитарлық құжаттары да болмаған. Бұл мәселе «Nur Otan» партиясының назарына ілікті. Олар арнайы комиссия құрып, мекемені тексеріп, заңсыздықтардың бетін ашты. Балабақшада түскі асты еден жуушы дайындап келген, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі «Астана» арнасына сілтеме жасап.
Оның қолында санитарлық кітапшасы жоқ. Мұндағы проблемалар мұнымен бітпейді. Мекеме қызметкерлері әлеуметтік желіде сорақылықтарды өздері жария еткен. Қабырғада теледидардың орнына смартфон ілулі тұрса, ал ас үйге шағын ғана газ плитасы қойылған. «Nur Otan» партиясы бұл мәселеге бей-жай қарай алмады. Орталық аппараттан мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия жіберіпті. Олардың арасында бақылау қызметінің инспекторы Айжан Ысқақова да бар.
«Лауазымды тұлғалардың өз қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде атқармауына көзімізді жеткізіп отырмыз. Тамақ сапасы қадағалау барысында белгіленген меню талапқа сай емес, қадағалаушы бракераждық комиссия жұмыстарының құжаттарының ешқайсысы жоқ», – дейді «Nur Otan» партиясы ҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төрайымы Аида Әбибуллаева.
Партиялық бақылау комиссиясының мүшелері азық-түліктің неден дайындалғанын анықтауға тырысты. Бірақ тоңазытқыштар бос тұр. Ал балабақша бүлдіршіндерді бес мезгіл тамақтандыруы тиіс. Ол үшін миллиондаған теңге бөлініп келген.
«Бала-бақшаның жылдық бюджеті 88 миллион. Питаниеге соның ішінде 10 миллион бөлінеді. Келетін бала саны жалпы 41 бала. Күн салқын түсуіне байланысты 28 бала. Бір күнге 450 теңге бөлінеді бір балаға», – дейді Жаңақорған Кенті әкімінің міндетін атқарушы Жарасхан Мырзалиев.
«Жыл басында бес миллион теңгеге жуық қаржы, бір уақытта, жеткізушілерге жөнелтіледі. Міне осы жеткізушімен дұрыс байланыс орнатпаудың арты, бала-бақшадағы тамақтану қорының жоқтығына алып келіп отыр. Біз камераларды тексердік. Хронологияны ақтардық. Балалар екі рет таңғы ас, сосын түскі ас пен кешкі асты ішулері керек болған. Алайда, ол берілмей келген», – деді «Nur Otan» партиясы ҚОФ жанындағы партиялық бақылау комиссиясының төраға орынбасары Анар Ізден.
Құжат бойынша бұл бөбекжай санаториялық бағытта жұмыс істейді. Бірақ мұнда қарапайым санитарлық талаптар орындалмай келген. Партиялықтар «Алпамыс» балабақшасында штаттық қызметкерлердің де саны сәйкес келмейтінін анықтапты. 50 штаттық бірлікте 62 қызметкер жұмыс істеп жүр. Бірақ бұл бергі жағы ғана екен.