Атырауда дүкеннен сатып алған энергетикалық кәмпиттен уланған бала жансақтау бөліміне түсті, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 19 желтоқсан күні болған. Кәмпиттен уланған бала ес-түссіз халде облыстық балалар ауруханасына жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.
Дәрігерлер балаға «Кәмпиттердегі кофеиннен улану» деген диагноз қойған. Бұл туралы Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді. Ауыр халде ауруханаға жеткізілген бала бірден жансақтау бөліміне орналастырылып, оның асқазаны тазалап, шайылған, бала бір сағаттан кейін есін жиған.
Белгілі болғандай, сабақтан шыққан бала дүкеннен Flush UP деп аталатын энергетикалық кәмпиттің 7-8 данасын сатып алып, бәрін бірден жеген. Біраздан соң ол өзін жайсыз сезініп, одан кейін не болғанын білмейді.
«Науқасты педиатрия бөліміне ауыстырды. Есі шыққан ата-ана дәрігердің баланың жағдайына қатысты қойған сұрақтарына жауап бере алмаған. Бақытымызға орай, біз уланудың себебін дереу анықтап, дер кезінде шаралар қолдандық, ал қазір бала үйге жіберілді, оның жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады», – дейді дәрігерлер.