Қазір ұлының не қызының думанды дәстүр – тұсаукесер тойындағы эстрада жұлдыздарының «ставкасы» белгілі болды, деп хабарлайды Neonomad.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Тілегін арнап, көз нұры, көңіл қуанышы баласынан аянып қалмайтын ата-аналар назарына төмендегі прайстарды ұсынамыз.
Қарақат пен Қыдырәлі
«Күрмеуіңді шешейін, тұсауыңды кесейін» деп тілегін айтатын Қарақаттың прайсы бірінші орында. Той болардан әнші қызымызды үш-төрт ай бұрын ескертпесеңіз, қармағыңызға түсіру қиын. Тойға келіп, 10-15 әнін айтып, тұсауын кесіп, бата беруі 7 000 доллар, күнін бекіту үшін 50% алдын ала төлем жасауыңыз керек. Одан бөлек екі кісіге ұшаққа бизнес-класстан билет және люкс жатын орнын аласыз.
Жазира Байырбекова
Басқа қалаларға жалғыз өзі шықпайтын Жазираға келіп тұсауын кесіп кетші, сыйлығымызды береміз деген әңгімеңіз өтпейді. «Саған мәз боп қараймыз, қадамыңды санаймыз, қаз-қаз басып көрші тағыда» деп сызылтып ән салатын Жанболат пен Жазира дуэті еліміздің батыс өңірлері үшін 10 әніне 2 миллион теңге. Одан бөлек екі кісіге жолы мен жатын орнына шығындаласыз. Жарты ақшасын алдын ала төлеп қоюыңыз керек.
Сәкен Майғазиев
Сәкен мырза тұсау кесуден алдына жан салмайды. Алматы қаласынан болсаңыз, сіздің жолыңыз болғаны. Жұмыс орнына немесе сол маңға жақын орынға шақырып тұсауын кестіріп алсаңыз болады. Ал алыс қалаға шақыратын болсаңыз, бір ай бұрын Сәкен мырзамен келісіп алуыңыз керек. Сәкен мырза тойыңызда тілегі мен әнін айтып, баламның тұсауын кестіріп қаламын десеңіз, жолы мен жататын орнына тағы 4 мың долларды төлеуге тура келеді.
Нұржан Керменбаев
Нұржан Керменбаевтың тұсау кесу үшін арнайы бағасы бар. 1 500 000 теңге төлейсіз. Одан бөлек екі адамның жолын, жататын жерін, тамағын төлейсіз. Тұсауын кесіп, батасын беріп, 5-6 ән айтып тойыңыздың қызметінде бас аяғына дейін бірге болады. Құр тұсау кесіп емес, келген соң миллионға тұрарлықтай өнерін көрсетіп кетеді.
Нұрлан Еспанов
Көбінің қолы жете алмай жүрген Нұрлан мырзаға алдын ала айтып қоймасаңыз, кестесі бос болмауы мүмкін. Ұлыңызға жолын берсін десеңіз, жолы мен жататын орнына бөлек бір адамға 4 000 долларды әншіге бересіз. Той біткенше қызметіңізде болады.
Алтынай Жорабаева
Алтынайдай алтын әншінің жолын қызыңызға берсін, халқының сүйіспеншілігіне бөленсін десеңіз, 4 мың долларды беріңіз. Екі адамға жолы мен қонақ үйден бір нөмір жалдап қоясыз. 4-5 әнін айтып, шыр-дөңгелек билетіп, көңіліңізді көтеріп, балаңызға ақжол тілеп кеткені барлығы сол ақша ішінде. Егер жағдайыңызды айтып келіссеңіз, Алматы қаласы үшін 3 мыңға келуі де мүмкін. Әнші қарындасыңызды тұсау кесіп ақ батасын бергені үшін тағы да сыйлаймын десеңіз, мерейін үстем етесіз.
Тамара Асар
Тамара қыздарыңыз балаңыздың тұсауын кесіп, жолын ашсын десеңіз, 4 мың долларды дайындай беріңіз. Егер сіз арнайы шақыратын болсаңыз жолы мен жататын жерін екі адамға әзірлейсіз. Ал егер жолы түсіп сіз тұратын қалаға барса, қуанышыңызды бөлісуге дайын. Тек «құрғақ қасық ауыз жыртар» дегенді ұмытпасаңыз болды. Айтпақшы, маңғыстаулықтар үшін жақсы жеңілдік қарастырылған.
Айдар Тұрғанбек
«Құр қолға бата жүрмейді» деп Айдар мырза 2 000 долларға тұсау кесіп, ән айтып береді. Қысылып, батасынан бөлек рахметіңіз болса, Айдар мырза тойыңызды құлпыртып, ұзақ уақыт сіздердің отбасыңыз туралы айтып жүреді, инста-парақшасына салып елге таныстырады.